ҚР Конституциясы күніне арналған әскери шеруге Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Н.Жоламанов басшылық етеді
деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Әскери шеруді Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қабылдайды. Шеруге Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Нұрлан Жоламанов басшылық жасайды.
Алаңда Қорғаныс министрлігінің Құрлықтағы әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-Теңіз күштері, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Республикалық Ұланның жасақтары сап түзеп жүреді. Бұл - 2000-нан астам офицерлер, келісім-шарт бойынша әскери қызметшілер, әскери оқу орындарының курсанттары және мерзімді қызметтің сарбаздары.
Олардың барлығы Ата Заң кепілдік беретін қазақстандықтардың құқығы мен бостандығы және тәуелсіз еліміздің тыныштығы күзетінде тұр.
Әскери шеруге 120-дан астам әскери техника тартылған. Барлығы дерлік төл әскеріміздің штатты бірлігіне қабылданған техниканың үлгілері. Шеруді еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің иелігіндегі әскери авиация жалғастырады. Шараға 40-тан астам ұшу аппараттары тартылады.
Шерудің соңында біріктірілген әскери үрмелі оркестр жүріп өтеді. Оны Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-оркестрлік қызметінің бастығы - бас әскери дирижер, полковник Александр Беляков бастайды
Біріктірілген оркестрдің құрамында Қорғаныс министрлігінің орталық оркестрі, Құрлықтағы әскерлер әскери институтының, Әскери инженерлік институтының, Ішкі әскерлердің, Әуе қорғаныс күштерінің оркестрлері бар.
Әскери шеруге Ұлы Отан соғысының, Қарулы Күштердің ардагерлері және елімізде тіркелген әскери-дипломатиялық корпустың өкілдері шақырылды.