ҚР консулдығы Үрімшідегі жарылыстан зардап шеккендердің арасында қазақстандықтардың бар-жоғын анықтауда
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚХР-дағы Қазақстан консулдығы Үрімшідегі теміржол вокзалында орын алған жарылыстан зардап шеккендердің ішінде біздің еліміздің азаматтарының бар-жоғын анықтау үстінде.
«Консулдық қазіргі уақытта зардап шеккендердің ішінде Үрімшіде уақытша жүрген біздің азаматтардың бар-жоқтығын анықтауда», - деп хабарлады елшіліктен ҚазАқпаратқа.
Жергілікті полиция деректеріне сәйкес, алдын ала деректер бойынша жарылыс нәтижесінде бір адам қаза тауып, 40 адам жарақат алған. Айта кетейік, Үрімші теміржолы бекетіндегі жарылыс Бейжің уақыты бойынша шамамен сағат 7-лерде орын алған. Жараланғандардың нақты саны әзірге анықталып жатыр. Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жұмыс сапарымен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына барған еді. Бұл ҚХР төрағасы ретінде Си Цзиньпиннің Шыңжаңға алғашқы ресми сапары. Әрі орталық әскери кеңес төрағасы болып табылатын ҚХР басшысы жұмыс сапары барысында Қашғардағы Шыңжаң әскери ауданының халықтық қарулы полициясының бөлімшесіне барып, автономды ауданның қоғамдық қауіпсіздік органдарының патрульдік-күзет қызметінің төтенше жағдай орын алатын жағдайларға әзірлігін тексерді.