ҚР Қорғаныс министрі Даниал Ахметов әскерилерді алдағы мерекелерімен құттықтады
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Даниал Ахметовтің қатысуымен Отан қорғаушы күні және Жеңістің 64 жылдығына орай салтанатты шара өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Онда ведомство басшысы әскерилерді алдағы мерекелерімен құттықтады. «Біздің әскеріміз бабалардан қалған жерімізді, бейбіт отанымызды қорғап келеді. Ұлы Отан соғысы кезінде аға ұрпақ ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Сіздерді Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, игілік, сарқылмас күш-қуат, көп табыстар тілеймін!», деді министр.
«Қазақстанда жасалып жатқан кешенді істер бойынша біздің әскер жаңа өзгерістерге бет алуда. Біз басқару жүйесі, байланыс және ақпараттық қамсыздандырылуы сапалы бағытта дамып келе жатқан саны көп емес, дайындық деңгейі жоғары әскер құрудамыз. Соған байланысты кадрлық әлеуетке көп мән берілген. Әскери қызметтің абыройы мен мәртебесін жоғарылату және әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша үлкен істер жасалуда», деді Д.Ахметов.Шара барысында, министр Д.Ахметов әскери қызметкерлердің әлеуметтік кепіліне қатысты барлық істер басымдықты болып табылатындығын айтты және «Министрлік бюджетінің қысқартылуына қарамастан, олардың шешілуі тоқтамайтынын» ерекше атап өтті. «Осы мақсатта «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыздандыру» туралы заңның жаңа тұжырымдамасы жасалды. Онда ең басты мәселе әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету жайы шешіледі. Соңғы екі жылда 2 мыңға тарта пәтер берілді. Биыл мамыр айында 184 пәтерлі үй тапсырылмақ», деп атап көрсетті министр.