ҚР Қорғаныс министрі шақырылым барысын тексерді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов Шымкент гарнизонына жұмыс сапарымен барды.
Онда ол Оңтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жиын пунктінде 2017 жылғы көктемгі шақырылым барысын тексерді.
Қорғаныс ведомствосының басшысы ағымдағы жағдай және шақыру науқанының өткізілу процесі туралы ОҚО ҚІЖД бастығының баяндамасын тыңдады.
Жұмыс сапары барысында Сәкен Жасұзақов әскер қатарына шақырылушылармен, олардың ата-аналарымен әңгімелесті. Медициналық тексеру, психологиялық тестілеу үдерісімен танысып, сондай-ақ, шақырылымның сапасы мен ұйымдастырылуын тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша ведомство басшысы мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды әрі қарай сапалы іріктеуге қатысты ОҚО ҚІЖД басшылығына бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта облыстық жиын пунктінен Шымкент қаласына ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне бірнеше команда жіберілгенін, сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік күзет қызметіне іріктеу басталғанын айта кеткен жөн.