ҚР Қорғаныс министрі Жеңістің 70 жылдығы парадына дайындықты тексерді

«Бұл парад елімізде бұрын өткізілген парадтарға қарағанда ең ауқымды әскери шеру болады деп күтілуде. Парадқа жеке құрамнан 5 мыңнан аса сарбаз, 220-дан аса әскери техника, 85 ұшу аппарттары қатысады. Мазмұндық идеясына қарай парад тарихи және заманауи екі бөлімді құрайды. Заманауи бөлімде бүгінгі қазақстандық армия қару-жарағын құрайтын қарулар мен әскери техниканың үлгілері көрсетіледі. Әскери қызметшілер заманауи әскери киім үлгілерін киеді», делінген ведомство мәліметінде. Ал тарихи бөлімде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы техниканың 36 түрі қатысады. Оның ішінде 27 әскери техника мен қару-жарақ (танк Т-34, ЗиЛ-157, ЗИС-2 зеңбірегі және М-30 гаубицасы, танымал БМ-13 РС-30 «Катюша» және «Максим» пулеметі), сондай-ақ 9 ұшу (АН-2 және ТL-2000) аппараты бар. Айта кетейік, өткен демалыс күндері Астанаға әскери техника тиелген соңғы эшелон келді. Далалық лагерде асхана, монша, тұрмыстық қамтамасыз ету бөлмесі, медпункттер қойылып, казармалық пункт әзірленген. Лагерь электр қуаты және жылумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар біріккен медициналық пункт және жылжымалы санитарлық-эпидемиологиялық зертхана жабдықталды.