ҚР Қорғаныс министрлігі 7-қысқы Азия ойындарының жеңімпаздарын құттықтады
АЛМАТЫ. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - ҚР Қорғаныс министрлігі Армияшылардың орталық спорт клубына қарасты Щучьедегі оқу-жаттығу орталығында 7-қысқы Азия ойындарының жеңімпаздарын ұлықтауға арналған іс-шара өткізді.
Салтанатты жиында чемпиондарды Қорғаныс министрлігі басшылығының атынан оқу-жаттығу орталығының бастығы - бас жаттықтырушы, подполковник Серік Дәндібаев құттықтады. «Кешегі Ақ Азиада ойындарында армияшылар барлығы 23 медаль ұтып алды. Оның сегізі алтын, сегізі күміс және жетеуі қола. Бұл Ұлттық құрама ұтып алған медальдердің жалпы санының 32,8 пайызын құрайды. Ал, біздің Орталықтың әскери қызметшілері иеленген медаль саны - 14. Оның алтауы - алтын», - деді подполковник С.Дәндібаев.
Айта кетейік, Серік Дәндібаев 7-қысқы Азия ойындарына ұлттық санаттағы төреші ретінде қатысқан еді.
Жеңімпаз армияшыларды құттықтауға Әскери спорт колледжінің әдіскері, жоғары санаттағы ұлттық төреші В. Милиди де арнайы қатысты. Осы кісінің баптауында болып, өсіп-жетілген старшина Николай Чебатько, кіші сержанттар Марина Лебедева және Евгений Величколар 7-қысқы Азия ойындарында чемпион атанып, еліміздің мерейін өсірді.