ҚР Қорғаныс министрлігінде сыбайлас жемқорлықты шектеу мәселесі талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен ҚР Қарулы Күштеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманың орындалуын бақылау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Бұл жайында ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кеңес барысында Қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге тәжірибелік көмек көрсету, олардың қызметтерінің тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлықтың қауіп-қатерлерін жою жоспары қаралды. Жиында Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Ардақ Құқатов баяндама жасады.
Қорғаныс министрлігімен іске асырылып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат аясында Алматы облысының ҚІД үлгісінде «Азаматтарға арналған әскери комиссариат» жобасы іске асырылатын болады. Оның мақсаты жергілікті әскери басқару органдарының қызметінде ішкі және сыртқы сыбайлас жемқорлық қатерлерін барынша азайту, барлық санаттағы азаматтарды әскери есепке алу мәселелерін цифрландыру, Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік қызметтер көрсетуі болып табылады.
Қорғаныс министрінің орынбасары кеңеске қатысушылардың назарын берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындалу маңыздылығына аударды. Себебі, аталған жобаның нәтижелері әрі қарай өзге де бөлімшелердің қызметін жетілдіру үшін пайдаланылады. Отырыс соңында ЖӘБО жүйесін қалпына келтіру, олардың қызметінің барлық бағыттарын қайта жүктеу бойынша ұсынымдар берілді.