ҚР Қорғаныс министрлігінің 2 млрд теңге жымқырған қызметкерлеріне үкім шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің лауазымды қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі қарауын аяқтады.

ҚР Қорғаныс министрлігінің 2 млрд теңге жымқырған қызметкерлеріне үкім шықты

 Бұл туралы ҚР Әскери сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Сотталғандар  Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскерилерді пәтерлерге орналастыру Бас басқармасының және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің бюджеттік жоспарлау және қаржы департаментінің офицерлері арасынан, сондай-ақ жеке кәсіпкер құрамындағы ұйымдасқан қылмыстық топ құрғанына кінәлі деп танылды. Аталған тұлғалар 2 миллиард теңге көлеміндегі ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырған.

Аталған қылмыстық іс бойынша 11 тұлға сотталып, ұйымдасқан топ жетекшілері 11-ден 13 жылға дейінгі ұзақ мерзімдерге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Топтың қалған мүшелері 7 - 11 жылға дейінгі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

Мемлекетке келтірілген зиян сотталғандардан өндірілді. Сотпен сотталғандардың қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүліктері, яғни Астана және Алматы қалаларындағы элиталық тұрғын үйлердегі пәтерлер, автотұрақтар, құрылыс үй-жайлары және кеңсе үй-жайлары, сондай-ақ қымбат бағалы автокөліктер мен сотталғандардың тұрғылықты мекен-жайларынан алынған ақшалай қаражаттар мемлекеттің меншігіне тәркіленді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.