ҚР ҚТКШІ Агенттігі жаңадан салынып жатқан үйлердің сыртын керамогранитпен қаптауға қарсы
АСТАНА. 12 тамыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері агенттігі жаңадан салынып жатқан үйлердің сыртын керамогранитпен қаптауға қарсы. Бұл туралы бүгін журналистерге берген сұхбатында Агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюк айтты.
Оның сөзіне қарағанда, ҚТКШІ Агенттігінің тапсырмасы бойынша «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту және жаңартудың Қазақстандық орталығы» АҚ Астана қаласында кездейсоқ таңдап алынған 15-ке жуық жаңа үйге энергоаудит жүргізді. Соның 40 пайызында жылу нақты ысырап етіліп жатқаны анықталды, тағы 10 пайызының болмашы кемшіліктері болды.
«Біз мұндай нәтижені күтпеген едік. Негізінен олар керамогранитпен қапталған үйлер болып шықты. Кейбірінде бір мердігер жұмыс істегені айқын көрініп тұрды. Әрине, жылуды ысырап жасау коэффициенті нөлге тең үйлер де болды», - дейді ол.
Тихонюктің айтуынша, керамогранит пайдалануда өте мұқияттылықты талап ететін құрылыс материалы. Дұрыс бекітілмеген керамогранит тек жылу өткізіп қана қоймай, адам өміріне де қауіпті. «Қазір керамогранитті тек 4-ші қабатқа дейін пайдалануды енгізіп отырмыз. Менің пікірімше, бұл құрылыс материалын біз пайдаланып отырғандағыдан мүлдем бас тартқан жөн. Оның үстіне, ол табиғи материал емес және бағасы да аса қымбат».
Онымен бір мезгілде, Агенттік өкілі атап көрсеткендей, жаңа үйлерде жылудың ысырап етілуінің себебі қолданылған құрылыс материалдарында емес, олардың сапасыз салынуында болып отыр. Ал мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау басқармасы құрылыс нысанында үнемі бола алмайды. Бұл олқылықтар елдегі техникалық қадағалау органдарының жұмысы дұрыс жолға қойылмауында болып отыр. Сол себепті ҚТКШІ Агенттігі осы органдардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында бірқатар заңдарға өзгертулер енгізді. Онда техникалық қадағалау органдары құрылыс нысанының басында тәулік бойына болуға міндеттелетін болады.
Онымен қоса, бұдан былай мемлекеттік комиссяны жүргізу кезінде міндетті түрде энергоаудит қоса өткізілетін болады. «Яғни, алдымен энергоаудит өткізіледі, одан кейін барып мемлекеттік комиссияның шешімі қабылданады. Өкінішке қарай, біз жекеменшік сарапшылардың дәрежесі мен жауапкершілігін арттыра алмай отырмыз. Қазір бұл мәселені жіті қадағалауға алдық. Және алдағы жылдың ақпан айынан бастап әрбір жекеменшік сарапшы компанияны және олардың қызметкерлерін аттестациядан өткізетін боламыз. Қазір бұл қызмет түрі лицензияланады. Бірақ лицензияны Қазақстанның кез-келген азаматы алып, қарамағына бірнеше адамды жинап, сараптама жүргізе алады. Ал олардың қызметтерінің сапасын ешкім қадағалап жатқан жоқ», - дейді ол.
Энергоаудитті жүргізуге жұмсалатын қаражатты мүдделі тарап - тапсырыс беруші төлейтін болады.