ҚР Кубогі үшін суда ескек есуден Астана командасы екінші орын алды

АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақстан Республикасының Кубогі аясында суда ескек есу мен каноэден жарыс өтті.
None
None

Турнирдің қорытындысы бойынша бейресми командалық есепте Астана командасы екінші орынға шықты, деп хабарлайды astana.kz сайты қалалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Жарысқа еліміздің тоғыз аймағынан өкілдер қатысты. 200 метр қашықтыққа жеке ескек есуден тәжірибелі спортшы Алексей Дергунов (БҚО) жеңіске жетті. Сондай-ақ, ол 500 метр қашықтықта да алдына жан салмай мәреге бірінші келді. Екінші орын 500 метр қашықтықта Александр Емельяновтың (ОҚО) еншісіне тиді. Одан бар-жоғы 19 үш секунд кейінге қалған 19 жасар астаналық Дәулет Сұлтанбеков үшінші орынға шықты. 1000 метр қашықтықта «үштік» орындарын ауыстырды. Бірінші орын - Александр Емельяновтың, екінші орын оның командалас жолдасы Юрий Березинцевтың, ал «қола» тағы да Дәулет Сұлтанбековтың еншісінде.

«Қыздар арасында 200 метр қашықтықта елордалық спорт мектебінің түлегі Инна Клинова жеңімпаз атанды. Астаналық 17 жасар Зоя Ананченко 500 және 3000 метрде екінші нәтиже көрсетіп, 1000 метрде үшінші орынға шықты. 1000, 3000 метр қашықтықта «күміс» астаналық Кристина Абсинскаяның қанжығасына байланды», - делінген хабарламада.

Ескек есудегі Алексей Дергунов-Евгений Алексеев дуэті үш ара қашықтықта - 200, 500 және 1000 метрде бірінші келді. Жұп каноэде 200, 500 және 1000 метрлік жарыста ағайынды Тимофей мен Михаил Емельяновтардың бағы жанды. Әйелдер жұбы Зоя Ананченко мен Татьяна Канивец жұптасып жарысуда үш арақашықтықта да үздік шықты. 500 және 1000 метрдегі екінші орын Кристина Абсинская-Евгения Лямкинаның жұбына бұйырды.

Қорыта айтқанда, ҚР Кубогі үшін жарыста Оңтүстік Қазақстан облысының құрама командасы үздік танылды. Бейресми командалық есепте екінші орынға Астана, ал үшінші орынға Батыс Қазақстан облысының құрама командасы табан тіреді.

Соңғы жаңалықтар