ҚР Құрлық әскерлерінде 1 000-нан астам сарбаз салтанатты түрде ант қабылдады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелерінде жас сарбаздардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі өтті. Биылғы жылы армия әскерін еліміздің әр аймағынан шақыртылған 1 000-нан астам сарбаз толықтырды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бұл күн - жас сарбаздармен олардың жақындары үшін ғана емес, ол әскери бөлімдер мен бөлімшелердің командирлері үшін де айрықша күн. Биылғы жылы 30 212 (Отар) әскери бөлімін 600-ге жуық, 12740 (Сарыөзек) әскери бөлімін 400-ге жуық және 32363ә/б (Қапшағай) әскери бөлімін 350-ге жуық әскери қызметші толықтырды.
Салтанатты ант қабылдау іс-шаралары шеңберінде өткен бағдарламаға сарбаздардың қарумен жасалатын дефилесі, әскери оркестрдің қойылымы кірген болатын.
Бұдан өзге, Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын толықтырған жас сарбаздар бұл іс-шара үшін қызықты бағдарлама әзірлеген еді. Қоян-қолтық күресі, кешенді дене дайындығы жаттығулары мен қарумен және қарусыз саптық әдістер - бұл бағдарламаның тек кішігірім бөлігі. Жас сарбаздар іс жүзінде бір айы бойы жас жауынгерлердің курсында үйренген біліктіліктерін паш етті.