ҚР құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау бойынша тұжырымдама жобасы мақұлданды
АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін селекторлық режімдегі Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау бойынша тұжырымдама жобасы мақұлданды. Аталған құжат бойынша Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин баяндама жасады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік құрылыс саласының нормативтік базасын реформалау бойынша тұжырымдаманы әзірледі. Реформа негізіне техникалық нормалаудың ұйғарылған әдісінен прогрессивті параметрлік әдіске өту ескерілген», - деді С. Нокин.
Оның аясында балама әдістер мен шешімдерді қабылдау, жобалау және құрылыс салуда жаңа ғылыми әзірлемелерді, техникалық шешімдерді, сондай-ақ инновацияларды енгізуге мүмкіндіктер жасалып отыр.
Оның айтуынша, тұжырымдамада нормативтік базаны реформалауға негізгі қағидаттар мен жалпы ұстанымдар қалыптастырылған. Қазақстанның әлемдік экономикалық жүйесіне әрі қарай ықпалдасуын қамтамасыз ететін озық техникалық реттеу жүйесін құру тұжырымдаманың мақсаты болып табылады.
«Бұл үшін мына негізгі міндеттерді шешу қажет: Құрылыстағы инновацияны кеңінен пайдалану үшін жағдайларды жасау, техникалық кедергілерді жою, жалпы қабылданған халықаралық сенімділік өлшемдеріне және жобалау әдістеріне өту, сондай-ақ құрылыс заңнамасы, техникалық нормалау, стандарттау, сертификаттау, мемлекеттік саралау және бақылау саласындағы саясатты жетілдіру», - деді С. Нокин.
Сөз соңында ол тұжырымдаманы іске асыру техникалық реттеу жүйесіндегі жаңа тиімді нормативтік базаны құруға мүмкіндік беретінін, ол жоғары құрылыс мәдениетін дамыту және саланың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру үшін негіз болатынын атап өтті.