ҚР Қылмыстық кодексі жаңа нұсқасының жобасында бас бостандығынан айырудың баламасы ретінде айыппұлдар мен қоғамдық жұмыстарға тарту қарастырылған

АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстанның Бас прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексі жаңа нұсқасының жобасында бас бостандығынан айырудың баламасы ретінде айыппұлдар мен қоғамдық жұмыстарға тартуды ұсынады.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Қазақстан Республикасының жаңа қылмыстық заңнамасы: проблемалары, тенденциялары және жетілдіру жолдары» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда ҚР Бас прокуратурасының басқарма бастығы Руслан Тоқтағұлов мәлімдеді.

Оның айтуынша, ҚР ҚК-нің жаңа жобасында жазалау жүйесінде жасалған қылмыстар үшін тағайындалатын жазалар қарастырылған. «Бұл жүйеде біз айыппұлды ұсақ заңбұзушылықтарға да, қылмыстарға да әмбебап жаза түрі ретінде қолданбақпыз. Сонымен қоса, айыппұлдың көлемін де белгілейміз», - деді Р. Тоқтағұлов.

Оның айтуынша, бұл толықтырулар ұсақ заңбұзушылықтар мен қылмыстарға бас бостандығынан айырудан көрі, айыппұл салу арқылы сот тәжірибесін басқа арнаға бұруға жәрдемдеседі.

Сондай-ақ, бұл заң жобасында жазаның басқа жазамен ауыстырылуы қарастырылған. «Ұсақ заңбұзушылықтарға 500 АЕК, қылмыстарға 500-ден 10 мыңға дейінгі АЕК көлемінде айыппұлдар салынады. Едәуір көп көлемдегі айыппұлдар қылмыскерлерге бас бостандығынан айырғанмен бірдей әсер етеді», - деді Бас прокуратураның маманы.

Оның айтуынша, айыппұлдар орташа есеппен 50-70 пайызға дейін артады. «Айыппұлдарды алмастыруға ең қолайлы жаза ретінде біз қоғамдық жұмыстарға тартуды қарастырамыз. Егер айыппұл 1000 АЕК-ке дейін қойылса, онда оны қоғамдық жұмыстармен алмастыруға болады», - деп атап өтті Р. Тоқтағұлов.

Сондай-ақ, ол жаңа заң жобасында қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тек ұсақ заңбұзушылық кезінде ғана қолданылатынын баса айтты.

Соңғы жаңалықтар