15:13, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрында болды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек / –Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрында болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министр ғимаратты аралап көріп, қызметкерлерге жасалған жағдайға ризашылығын білдірді. Бүгінде театр жанында жаттығу, би залы, балет, бильярд, демалыс бөлмелері, жас әртістерге арналған жатақхана жұмыс істейді. 1958 жылы салынған театр жастардың сүйікті рухани ортасы болып келеді.Министр театр ұжымымен кездесу барысында 2009 жылы театр бюджетінің өткен жылғымен салыстырғанда көбейгенін жеткізді. Сондай-ақ театр басшылығына бірқатар тапсырмалар берді. Мәселен, еліміздегі көптеген театрлар сахналық техника, дыбыс, заманауи жарық беру құрылғыларымен нашар жабдықталған. «Сіздерге Лермонтов театрынан үлгі алуды ұсынамын. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін олар бұл жағынан көп театрлардан алға шығып кетті. Сахна бір бағдарлама арқылы бір компьютермен басқарылады. Театрларды техника жағынан қайта жарақтандыру біздің басты мақсатымыз. Көрерменді жаңа туындылармен таңғалдыру үшін спектакльдерге жаңа технологияларды пайдалану қажет», деді Министр.Ол, сондай-ақ театрда басқа театрларға қарағанда репертур жиі жаңарып тұратынын атап өтті. «Мәселен, Талғат Теменовтың «Мулен-Руж» спектаклі әуел баста бірқатар адамдардың сынына ұшырады. Бірақ бүгінде аншлагпен өтуде. Қойылымды көрермендер ұнатты - бұл театр үшін басты нәрсе», деді М.Құл-Мұхаммед.