ҚР Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы Б. Шүменовті WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атануымен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы кәсіпқой бокста WBA тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақта әлем чемпионы атанған отандасымыз Бейбіт Шүменовті құттықтады. Бұл туралы ҚР МСМ спорт комитетінен хабарлады.
None
None

«Сізді жарқын жеңісіңізбен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіз! Бұл жолы тағы бір мәрте Қазақстанның атын әлемге мәшһүр етіп, еліміздің ер ұланы екеніңізді дәлелдедіңіз. Сіз жартылай ауыр салмақта әлем чемпионысыз, енді оған WBA тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы әлем чемпионының белдігін қоса ұттыңыз. Қазақстан боксшылары арасында алғашқы болып екі салмақ дәрежесінде чемпион атанып отырсыз, бұл біз үшін үлкен мәртебе. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілей келе, еліміздің көк байрағын асқақтатып, жеңісті жолыңыздың жалғаса беруіне тілектеспін», - делінген министрдің құттықтау хатында.

Естеріңізге сала кетейік, өткен сенбі 21 мамыр күні қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов Лас-Вегас қаласында 12 раундтық кездесуде америкалық Джуниор Райтты 10-шы раундта техникалық нокаутпен тізе бүктіріп, WBA нұсқасының бірінші ауыр салмақтағы тұрақты чемпионы титулын жеңіп алды. Енді Бейбіт Шүменов және Ресей былғары қолғап шебері Денис Лебедев алдағы 120 күн ішінде өзара жекпе-жек ұйымдастыруы керек.

Соңғы жаңалықтар