ҚР Мәдениет және спорт министрі «Astana Pro Team» мүшелерін Джиро д'Италия-2015 жарысындағы жеңістерімен құттықтады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Astana Pro Team» велоклубының шабандоздарын Джиро д'Италия-2015 суперкөпкүндігіндегі жеңістерімен құттықтап, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
«Бұл біз үшін шынымен де өте қуанышты жаңалық. Тек біздің еліміз үшін ғана емес, барлық әлем бойынша айтулы оқиға. Биылғы Джиро д'Италия көпкүндігін бүкіл әлем қызыға тамашалады, өйткені жарыстың басталуы да ерекше болды. Тіпті жарыс бойы түрлі оқиғаларға толы болғандықтан оны экшн-фильмге де теңеуге болатын сияқты. Сондықтан Елбасы құрған «Астана» велокомандасы осы жарыста бірінші орынды алғаны біз үшін үлкен мереке», - деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, қазір команда алдында үлкен міндеттер тұр.
«Алда әлі Тур де Франс және басқа да кезеңдер бар, бірақ менің ойымша, олар бұл сайыстарда да жоғары жетістіктерге жетеді», - деді А. Мұхамедиұлы. Айта кетейік, Джиро д'Италия жарысы 9 мамырда Сан-Лоренцо-аль-Марде басталып, 31 мамырда Миланда аяқталды. Жалпыкомандалық есепте «Astana Pro Team» командасы бірінші орынға көтерілді.