ҚР Мемлекеттік хатшысы Халықаралық дзюдо федерациясының президентін қабылдады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визерді қабылдады.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Халықаралық дзюдо федерациясының президентін қабылдады (ФОТО)

Мемлекеттік хатшы биылғы 24-30 тамыз аралығында елордада өтетін әлем чемпионатының иесі ретінде Қазақстанға таңдау жасағаны үшін Халықаралық дзюдо федерациясына алғысын білдірді. «Елімізде спортқа айрықша назар аударылып отыр. Елбасымыз жыл сайын үлкен ауқымдағы жаңа спорттық нысандардың ашылуына ерекше мән беруде. Атап айтқанда, елімізде әлемдік деңгейдегі спорттық шаралар өткізілуде және спорттың барлық түрлері бойынша дайындықтар жүріп жатыр»,-деді Г. Әбдіқалықова. Мемлекеттік хатшы республикада 80 мыңнан астам адам дзюдомен тұрақты түрде айналысып жүргендігін, спортшылардың шеберлігін жетілдіру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып отырғандығын, осы орайда бүгінде Қазақстанда әлемдік додаларда жеңімпаз болған спортшылар қатары өсіп келе жатқандығын атап өтті. Кездесу барысында Қазақстанның Халықаралық дзюдо федерациясымен өзара іс-қимылының және спорттың осы түрінің республикамызда даму келешегінің өзекті мәселелері талқыланды. Айта кетейік, Астанада өтетін әлемдік біріншілікте 140 елден 900-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Ерлер мен әйелдер арасында 7 салмақ дәрежесі бойынша 14 медаль жиынтығы сарапқа салынады.