ҚР Мемлекеттік хатшысы: Қазақстандықтардың 95 пайызы өздерін біртұтас халықтың өкілі санайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтардың 95 пайызы өздерін біртұтас халықтың өкілі санайды. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова осылай мәәлімдеді.
«ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесі өткізген әлеуметтік зертеулер мәліметтеріне сәйкес сауалнамаға қатысқандардың 95 пайызы өздерін біртұтас халықтың өкілі, 94,2 пайызы Қазақстанның азаматы санайтындығын білдірген», - деді Мемлекеттік хатшы.
Сонымен қатар оның атап өтуінше, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 73,3 пайызы Қазақстанда достық пен ынтымақтастықтың мығым қарым-қатынасы қалыптасқанына сенімді. Ал 80 пайызы республикадағы барлық этностар тең деп санайтындығын білдірген.
«85,3 пайызы елді қауіпсіз әрі тұрақты деп санайды. 84,3 пайызы әлеуметтік-экономикалық тең жағдай жасалғанын атап өткен. Ал 82,7 пайызы этностардың дәстүрі, тілі мен мәдениетін дамытуға барлық жағдай жасалғанын айтқан», - деді Г.Әбдіқалықова.