ҚР Мемлекеттік хатшысы Ұлттық музейдегі асыл металдар қорымен танысты
«Бүгін біз ҚР Мемлекеттік хатшысына асыл металдар қорын көрсеттік. Онда күмістен жасалған 4 мыңнан астам жәдігерлік бұйымдар бар, яғни осында қазақтар мен Орталық Азия халықтарының әшекейлері жинақталған. Сонымен қатар қорда 40 мыңнан астам алтын бұйымдар бар. Осында негізінен ежелгі сақтар мәдениетінің заттары, сақ қорғандарынан табылған дүниелер сақталуда. Бұдан бөлек, бізде Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары аумағында соңғы бес жылда археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қола дәуіріндегі алтын бұйымдар бар», - деді А.Сатыбалдин. Айта кетейік, бүгін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің жұмысымен танысты. Ұлттық музей - Орта Азия аймағы бойынша теңдесі жоқ ең ірі музей. Архитектуралық өлшеммен алғанда, музей ғимараты әлемнің ірі экспозициялары ондығының қатарында тұр. Қазіргі кезде музейде 200 мыңға жуық экспонат бар, оның 12 840-ы экспозицияда орналастырылған.