ҚР МГМ мен нарықтағы ірі сатушылар сұйық газды жанармай ретінде пайдаланудағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мұнай және газ министрі мен Қазақстан аумағында мұнай өнімдерін бөлшек сату нарығындағы ірі сатушылар арасында сұйық газды жанармай ретінде пайдаланудағы ынтымақтастық саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

ҚР МГМ мен нарықтағы ірі сатушылар сұйық газды жанармай ретінде пайдаланудағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды

«Меморандумның негізгі мақсаты - Қазақстанда зарарлы заттектердің атмосфераға шығарылуын азайтуға жол беретін жанармайдың экологиялық таза түрлерін дамыту, еліміздегі ірі қалаларда экологиялық жағдайды жақсарту және Республика нарығындағы жеңіл мұнай өнімдерінің тапшылығын азайту болып табылады. Бұдан басқа, автокөліктің бензиннен көмірсутекті газға көшуі автокөлік иелері шығындарының әлдеқайда азаюына мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин.

Айта кету керек, компримирленген газды жанармай ретінде пайдалану бойынша Мұнай және газ министрлігі мен «ҚазТрансГаз» АҚ бірігіп жұмыс жүргізуде. Бүгінде Алматының 250-ден астам автобусы мен 300 жеңіл көлігі «ҚазТрансГаз» АҚ-ның 3 стансасында құйылатын газды жанармайды пайдалануда. 2014-2015 жылдарға қарай Алматы әкімдігі газбен жүретін автобустарды мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.

Министрдің айтуынша, ЕХРО-2017 көрмесін өткізу аясында табиғи газға елордалық автокөліктер де көшірілмек. «2014 жылдың маусымынан бастап Алматыдан компримирленген табиғи газды, ал 2017 жылға қарай Қызылорда облысындағы қондырғыдан табиғи сұйық газды Астанаға жеткізу мүмкіндіктері қарастырылуда», - деді министр.