ҚР МСМ жауапты хатшысы мен вице-министрлері «Қазтест» сынағынан өтуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениеті және спорт министрлігінің барлық құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынышты мекемелерінің қызметкерлері мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау сынағын тапсыруға кірісті.
Тест тапсырушылардың қатарында министрліктің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев және вице-министрлері Марат Әзілханов мен Ғалым Ахмедьяров бар.
«Тілдерді дамыту мен қолданудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында іс-шаралар одан ары жалғасуда. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі бөлігінің бірі - мемлекеттік тілді меңгеру. Оның негізі құралы «Қазтест» жүйесі болып табылады. Ол өте сапалы дайындалған 5 деңгейлі жүйе. Өздеріңізге мәлім, «А» корпусы деңгейіндегі қызметкерлер қызметке қабылдануы үшін мемлекеттік тілді меңгеруін анықтау тестінен өтеді», - деді ол.
Вице-министрдің атап өтуінше, барлық мемлекеттік органдарда диагностикалық тестілеу арқылы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау жүргізіледі. Бұл ретте Мәдениет және спорт министрлігі бұл жұмыстарды ең бірінші болып қолға алуда.
«Қазір біздің орталық аппаратта 200-ге жуық қызметкер осы диагностикадан өтіп болды. Сонымен бірге бізге қарасты басқа орталықтар, мекемелердің де 8 мыңнан астам қызметкері осы тестен өтуде. Біздің мақсатымыз - әр қызметкердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау және толық меңгермеген азаматтармен оқыту жұмыстарын жалғастыру»,- деді М.Әзілханов.
Оның атап өтуінше, министрлік қызметкерлерінің «Қазтест» нәтижесі маусым айында шығарылатын болады.