ҚР Мұнай және газ министрлігі жанармай бағасын талқыламақ

АНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Мұнай және газ министрлігі бүгін-ертең жанармай бағасын талқыламақ.

ҚР Мұнай және газ министрлігі  жанармай бағасын талқыламақ

Бұл туралы бүгін аталған ведомствоның басшысы Саат Мыңбаев Үкіметтің селекторлық форматтағы отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген кезде айтты.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта елімізде дизель отыны мен АИ-80 маркалы бензиннің бағасы Мұнай және газ министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бірлесіп белгілеген шекте қалыптасып отыр. Нарықтағы аталған өнімдердің бағасы дизель отынына 82 теңгені, АИ-80-ге 80 теңгені құрайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жанармай 100 пайыз жеткізілген. Оның бағасы Үкімет бекіткен шекті нормадан төмен.

Жанармай нарығында айтарлықтай мәселе туындап отырмағандығын атап өткен министрдің пайымынша, дегенмен АИ-92, АИ-93 бензин маркалары бойынша түйткілді жайттар болуы мүмкін. «Біз ресейлік мұнай жеткізілімін есепке алғанның өзінде бұл бензинді өзімізде 100 пайыз өндірмейміз. Қазіргі уақытта Ресейде АИ-92 маркалы бензин 125 теңге, бізде 99 теңге көлемінде. Арадағы 25 пайыз үлкен айырмашылық. Сондықтан бұл мәселені бүгін-ертең талқылаймыз» - деді С.Мыңбаев.