ҚР Олимпиадалық командасының бойтұмар-кейіпкеріне конкурс жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Олимпиадалық командасының бойтұмарын әзірлеу бойынша байқау жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Олимпиадалық командасының бойтұмар-кейіпкеріне конкурс жарияланды

Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті жариялаған байқаудың негізгі мақсаты - олимпиадалық қозғалыс пен салауатты өмір салтын және спортты шығармашылық арқылы насихаттау.

Бойтұмар Қазақстан спортының тарихы мен Олимпизм идеологиясынан хабар беретін, қандай да бір прототиптен немесе ойдан құрастырылған кейіпкер болуы тиіс.

Байқауға қатысушылар аталған тақырыпқа байланысты графикалық суреттерін техникалық талаптарға сай орындап, бойтұмардың аты мен сипаттамасын, оның нені білдіретінін және Қазақстан Олимпиадалық командасын қалай сипаттайтынын түсіндіруі қажет.

Байқау 2018 жылдың 1 маусым-17 тамыз аралығында, екі кезең бойынша өтеді. Бірінші кезеңде -  1 маусым-31 шілде аралығында байқау жұмыстары қабылданады.

Екінші кезеңде - жұмыстарға онлайн түрде дауыс беріледі. Мамандардан құралған комиссия ең үздік бес жұмысты таңдап алып, Ұйымдастырушылардың ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларына жариялайды. Дауыс беру 16 тамызға дейін жалғасады. Жеңімпаз онлайн дауыс беру жолымен анықталады.

Байқау қорытындысы 2018 жылдың 17 тамызы күні Ұйымдастырушы тараптың www.olympic.kz сайтында, «Байқау» бөлімінде және БАҚ-та жарияланады. Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаз бен төрт жүлдегер анықталады. Бірінші орын иеленген автор Олимпиада чемпионы немесе жүлдегерінің қолтаңбасы қойылған, ҚР ҰОК  және оның серіктесінен естелік сыйлық алады. Ал жүлдегер атанған байқау жұмыстарының авторлары Ұйымдастырушылар сыйлығына ие болады. Жарыс ережесімен мына жерде танысуға болады.