ҚР омбудсмені әлеуметтік және еңбек саласындағы мониторинг бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізді
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің (омбудсмен) төрағалығымен әлеуметтік және еңбек салаларындағы мониторинг бойынша жұмыс тобының бірінші ұйымдастыру отырысы өтті.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппараты баспасөз қызметінің хабарлауынша, омбудсмен жанында және оның бастамасымен құрылған жұмыс тобының қызметі әлеуметтік және еңбек құқықтарын қамтамасыз етуге, әлеуметтік өмірдегі қайшылықтарды ескертуге бағытталған.
Жұмыс тобының негізгі міндеттері әлеуметтік және еңбек құқық қатынастары саласындағы ахуалды талдау, азаматтардың арыздарын қарастыру, қажетті ұсыныстарды әзірлеу, қайшылықтарды шешуге және жанжалдардың туындауының алдын алуға жәрдемдесу, сондай-ақ ағартушылық қызметті жүзеге асыру болып табылады.
Жұмыс тобының құрамына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Бас прокуратураның, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның, «Атамекен» Одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасының өкілетті өкілдері, азаматтық қоғамның өкілдері мен ғалымдар кіреді.
Отырыс шеңберінде жұмыс тобының қызметін ұйымдастыру мәселелері, соның ішінде оның жұмыстарының нысандары, әдістері және бағыттары талқыланды.
Жұмыс тобының қызметі еңбек қатынастары саласындағы қайшылықтарды реттеудің көп деңгейлі тетігіне интеграцияланады. Аталған тетікті құру қажеттігін Мемлекет басшысы белгілеп берген болатын.
Отырыс қорытындысы бойынша таяу уақытта республика өңірлеріндегі әлеуметтік және еңбек салаларындағы объектілерге алғашқы мониторингтік баруды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.