ҚР өңірлерінде өрттер барысында бір адам көз жұмды, тағы үшеуі зардап шекті - ҚР ТЖМ

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан аймақтарында болған өрт оқиғаларының салдарынан ер адам қаза тауып, үш адам ауруханаға жеткізілді,  деп хабарлады ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен.

ҚР өңірлерінде өрттер барысында бір адам көз жұмды, тағы үшеуі зардап шекті - ҚР ТЖМ

Сейсенбі, 29 мамыр күні Семей қаласы Шүлбі кентіндегі 1-інші шағынауданда орналасқан тұрғын үйдің бесінші қабатындағы пәтерде өрт болды. Жалын тілі 3 шаршы метр аумақты шарпыды. ТЖ орнында 58 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Өрт құтқарушылар келгенше сөндірілді. Оқиға орнына ҚР ТЖМ Шығыс Қазақстан облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 3 адамы мен 1 техникасы барды.

Осы күні Астанада, Әуезов көшесінде орналасқан бес қабатты үйдің пәтерінде өрт болды. Жалын тараған аумақ 2 шаршы метрді құрады. Үш адам қауіпсіз жерге көшірілді. Иіс тиіп уланған 18 жасар жігіт ауруханаға жеткізілді. Тілсіз жаумен күреске ҚР ТЖМ Астана қалалық ТЖД өртке қарсы қызметінің 18 адамы мен 5 техникасы жұмылдырылды.

Сондай-ақ сейсенбі күні, Астанадағы Қарағанды көшесінде орналасқан жекеменшік тұрғын үйде тұрмыстық газ баллоны жанды. Оқиға орнынан күйік жарақаттарымен 1988 және 1984 жылғы екі азамат ауруханаға жеткізілді. Өрт құтқарушылар келгенше сөндірілді. Оқиға орнына ҚР ТЖМ Астана қалалық ТЖД өртке қарсы қызметінің 7 адамы мен 1 техникасы барды.