ҚР Өңірлік даму министрлігінде жерді пайдаланудың құқығы бойынша мәселелер талқыланды

АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың төрағалық етуімен аталған министрлік ғимаратында кеңес өтті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.

ҚР Өңірлік даму министрлігінде жерді пайдаланудың құқығы бойынша мәселелер талқыланды

ҚР Өңірлік даму министрлігінің міндеттерінің бірі жер ресурстарын тиімді басқару саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру болып табылады. Жер ресурстарын басқарудағы негізгі тиімді тетік - жер заңнамасы болып табылады, яғни ол жер мәселелерін реттеуге бағытталған. Осыған байланысты аталған іс-шараның негізгі тақырыбы жер заңнамасын жетілдіру мәселелерін талқылауға арналған.

Аталған кеңеске ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі, ҚР Өңірлік даму министрлігінің департаменттері, жер қатынастары бойынша жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелері, Қазақстан фермерлер одағы, «Атамекен» Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы, аумақтық жер инспекцияларының басшылары және ведомстволық мекемелер сияқты мүдделі орталық уәкілетті органдардың өкілдері қатысты.

Күн тәртібіне жер учаскесіне құқық беру рәсімін жеңілдету және жер учаскесінің кепілі және жерді пайдаланудың құқығы бойынша мәселелер шығарылды.

Кеңеске өз баяндамаларымен Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Қадырхан Отаров, Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Мониторинг және өңірлердің тиімділігін бағалау департаментінің директоры Алмас Батанов, ҚР Өңірлік даму министрлігі Сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінің директоры Салауат Дембай, ҚР Өңірлік даму министрлігі Жер қатынастары және геодезия саласын реттеу бойынша департаментінің директоры Гүлжахан Бимендина қатысты.

Кеңестің қорытындысы бойынша бірінші вице-министр Қайырбек Өскенбаев жер заңнамасын жетілдіру туралы ұсыныстар жасау бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды.