ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында ашық есік түні өтеді
АЛМАТЫ. Мамырдың 15-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы «Халықаралық мұражайлар күні» қарсаңында бүгін сағат 17:00-ден 24:00-ге дейін «Мұражайдағы түн - 2009» акциясын өткізеді.
Бұл шара Алматы қаласы әкімдігінің ақпараттық демеушілік жасауымен ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Мамырдың 18-і мұражай қызметкерлері үшін кәсіби мереке болып табылады. Бұл мейрам 1978 жылдан бері тойланып келеді. Осыған орай мұражай түнін өткізу алғаш рет 1997 жылы Германияда өріс алған болатын. Осыдан кейін бұл шара Еуропаның басқа да елдеріне тарап, Қазақстанда 2007 жылдан бастап кеңінен қолдауға ие болды. Бұл уақыттан бері ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында «Мұражайдағы түн» акциясы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.Ашық есік түніне қатысатын қонақтар үшін арнайы бағдарлама әзірленген. Соның ішінде, әр сағат сайын мұражайдың экспозициялық залдарында экскурсиялар ұйымдастырылады, «ҚР ОММ қорындағы фарфор мен керамика», «Еуразия құрлығындағы гиппариондық хайуанаттар дүниесі», «Қазақстанның бардтары» секілді көрмелердің ашылуы болады, сондай-ақ Қазақстан өнер қайраткерлерінің концерті, театрландырылған қойылымдар, шеберлік сабақтар мен халық шеберлерінің жәрмеңкесі өтеді.Осы түнде мұражай қонақтарына арналып кинотеатр жұмыс істейтін болады. Бұнда «Қазақфильм» киностудиясының фильмдері мен мультфильмдері қазақ және орыс тілдерінде көрсетілмек.