ҚР Орталық сайлау комиссиясы тағы 217 байқаушыны аккредиттеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда 2015 жылдың 26 сәуіріне белгілгенген кезектен тыс ҚР Президент сайлауына шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы қаулы қабылдады.
Қаулы жобасын таныстырған ҚР ОСК мүшесі Татьяна Охлопкованың айтуынша, еліміздің Орталық сайлау комиссиясы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ұсынысымен 4 халықаралық ұйым мен 6 шет мемлекеттен тағы 217 байқаушыны аккредиттеуі тиіс.
«Олардың 166-сы - Сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның миссиясынан, 35-і - ТМД байқаушылары миссиясынан, 2-еуі - ШЫҰ байқаушылары миссиясынан, 1-еуі - Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан, сондай-ақ үш байқаушыдан - АҚШ, Моңғолия және Латвия Республикасынан, 2 - Корея Республикасынан және бір-бірден -Бельгия Корольдігі мен Испания Корольдігінен», - деді ол.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы жобасын бірауыздан мақұлдады.