ҚР Орталық сайлау комиссиясы жергілікті әкімдердің сайлауын ұйымдастыру, әзірлеу және өткізу мәселелері бойынша оқу семинарларын өткізбек
АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - 10-14 маусым аралығындағы кезеңде республиканың 14 өңірінде Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру, әзірлеу және өткізу мәселелері бойынша оқу семинарларының топтамасы өткізіледі.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметінен хабарлады.
Семинарлардың жұмысына қатысу үшін алдағы сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге тартылған облыстық, аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, аудан әкімдері, облыс әкімдері аппараттарының басшылары, мәслихат хатшылары, Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының және БАҚ өкілдері шақырылды.
Бұл семинарлардың негізгі мақсаты сайлау ұйымдастырушыларға алдағы сайлауға әзірлік барысында туындайтын барлық мәселелерді Орталық сайлау комиссиясының мүшелерімен, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен және сайлау үдерісіне қатысушылармен тікелей талқылау мүмкіндігін беру, сондай-ақ қызметтің түрлі бағыттары мен семинарда талқыланатын тақырыптар бойынша пікір алмасу болып табылады.
Атап айтқанда, семинарлардың жұмысы барысында Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату қағидаларының негізгі ережелері, сондай-ақ сайлау науқанын ұйымдастыруға, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуге, сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың және мүдделі мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимыл жасауына қатысты мәселелердің кең ауқымы талқыланатын болады.
Қатысушылар аудандық және қалалық сайлау комиссияларының рөліне, функциялары мен өкілеттіктеріне, олардың мүшелерінің қызметін ұйымдастыруға, әкімдікке кандидаттарды ұсынумен, тіркеумен, олардың сайлау алдындағы үгітті жүргізуімен, сондай-ақ таңдаушылар отырысын өткізуді ұйымдастырумен, дауыс берумен, дауыстарды санаумен және сайлау қорытындыларын шығарумен байланысты рәсімдік мәселелерге ерекше көңіл бөлетін болады.
Ортақ талқылау барысында сындарлы пікір алмасу қатысушыларға сайлау үдерісін ұйымдастыру шеңберінде жүргізілетін жұмыстың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді деп жорамалданып отыр.
Оқу семинарларын ұйымдастырушы - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы.