ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы алдымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың мәжіліс залында БАҚ, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен, қоғам белсенділерімен, ел ақсақалдарымен кездесті. Жиында сайлау процестері бойынша орамды ойлар айтылып, сұрақтар қойылды.
Түркістандық ақсақалдар сайлауды әділ өткізу бағытындағы жұмыстарды күшейтуге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Ал «Шапағат» мүгедектердің қайырымдылық қорының төрағасы Еркінбай Шалтан депутаттық корпусқа бұрын басшы болғандарды ғана емес, еңбек адамдарын, мұғалімдерді, ғалымдарды, жалпы түрлі мамандық иелерін көптеп тарту жөнінде пікір білдірді.

Нұрлан Әбдіров Түркістандағы облыстық «Жастар ресурстық орталығында» өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Жиын барысында ол мемлекетті өркендетуде, саяси процестерді жүргізуде жастардың беленділігі маңызды екенін жеткізді.
«Түркістан – ерекше өңір. Тарихи мәні зор аймақ. Бүгін өңірдің ел ағаларымен, белсенділерімен кездестім. Мақсатымыз – сайлау процесіне қатысты елдің ұсынысын, пікірлерін білу. Ащы пікірлер, түрлі ұсыныстар айтылды. Ал қазір жастармен, яғни өздеріңізбен әдейі бөлек кездесуді жөн көрдім. Кейде жастар «сайлауға бармаймын» деп немқұрайдылық танытады. Дұрыс емес қадам. Керісінше сайлауға қатысып, өз ұстанымын білдіргендері жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаулар ашық өтуі тиіс екенін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Осы бағытта қоғам пікірін білу үшін еліміздің барлық өңірін аралап, жұртшылықпен еркін сұхбат құрып жүрмін. Әрбір сұрақ пен ұсыныс арнайы тіркеліп, тиісті сараптама жасалады», – деді ол.
Түркістан облысының жастары арнайы жүздесуге келген төрағаға ризашылықтарын білдіріп, байқаушылардың біліктілігін арттыру, құқығын қорғау, электронды дауыс беру жүйесін қолдану, сайланбалы органдарда зейнет жасындағыларға емес, орта буын мен жастарға көбірек мүмкіндік беру және өзге де мәселелерді қозғап, ұсыныстарын жеткізді.

