ҚР ОСК 103 шетелдік байқаушыны аккредиттеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлауға халықаралық ұйымдардан және шет мемлекеттен тағы 103 байқаушыны аккредиттеді.
«Аталған қаулыға сәйкес Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша үш халықаралық ұйымнан және бір шет мемлекеттен 103 байқаушыны аккредиттейді», - деді қаулы жобасын таныстырған ҚР ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова.
Олардың үшеуі - Америка Құрама Штаттарынан; 97-сі - ТМД-дан байқаушылар миссиясынан (оның ішінде 33-сі - ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан және 7-еуі Беларусь және Ресей одағының парламенттік жиналысынан), 3-еуі - Ислам ынтымақтастығы ұйымынан тіркеліп отыр.
Осылайша, 2016 жылғы 25 ақпандағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД миссияларынан, сонымен бірге Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен шет мемлекеттерден 155 байқаушыны аккредиттеді. Мұнан бөлек, ҚР Сыртқы істер министрлігі 2016 жылғы 25 ақпандағы жағдай бойынша 25 мемлекеттен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 105 өкілін аккредиттеген болатын.
Айта кетерлігі, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы 2016 жылғы 14 наурызға дейін жүзеге асырады.