ҚР ОСК кандидаттардың сайлау қоры мөлшерін жария етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кезектен тыс Президенттік сайлауға партия атынан ұсынылған кандидатқа қарағанда өзін-өзі ұсынылған кандидаттың сайлау қоры біршама төмен болады. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте комиссия хатшысы Бақыт Мелдешев мәлім етті.

ҚР ОСК кандидаттардың сайлау қоры мөлшерін жария етті

«Кандидаттар сайлау қорын өздері құрады. Қорға өздерінің жеке қаражатын пайдалана алады. Пайдаланатын жеке қаражатының сомасы да заңда белгіленген. Ол 106 млн. 820 мың теңгені құрайды», - деді ол.

Б.Мелдешевтің атап өтуінше, егер кандидатты саяси партия ұсынса, онда ұйым да 149 млн. 548 мың теңге қаржы бөледі. Сонымен қатар кез келген азамат өзі қалаған кандидатқа қаржы беруіне құқы бар. Бірақ оның сомасы 320 млн. 460 мың теңгеден аспауы керек.

«Жалпы айтқанда, осы сайлаудағы әр кандидаттың сайлау қоры 576 млн. 828 мың теңге мөлшерінде болуы керек. Одан аспауы тиіс. Ал өзін-өзін ұсынған азматтардың үгітке шығыстары төмендеу болады. Өйткені, ол кандидатта партия қаржысы болмайтындығы түсінікті жайт. Сондықтан оның сомасы 427 млн. 280 мың теңгені құрайды», - деді ОСК хатшысы.