ҚР ОСК кезектен тыс президенттік сайлауда сайлаушылардың қолдарын жалған деп тану негізін айқындады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында кезектен тыс президенттік сайлауда сайлаушылардың қолдарын жалған деп тану негізін айқындайтын қаулы қабылдады.
«Сіздердің назарларыңызға 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында қол қою парақтарын тексеру барысында сайлаушылардың қолдарын жалған деп тану негіздері туралы» қаулы жобасын ұсынып отырмын. Қаулы бойынша, қол қою парағында: бірнеше адам үшін бір қолмен орындалған; нақты кандидат үшін қол қою парақтарында бір адам бір реттен артық орындаған; қол қою парағына сай деректер толық болмаған кезде; өз қолын кері қайтарып алушы сайлаушының жазбаша өтініші болған кезде; белсенді сайлау құқығы жоқ адам орындаған; қайтыс болған адамдар үшін орындалған сайлаушылардың қолдары жалған болып танылатындығы белгіленсін», - деді қаулы мәтінімен таныстырған ҚР ОСК хатшысы Бақыт Мелдешев.
Сонымен қатар ол аумақтық сайлау комиссиясы қол заңдардың талаптарын бұза отырып алынғаны анықталатын өзге жағдайларда да, қолды жалған деп тануы мүмкін екендігін атап өтті. Қаулы жобасына Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бірауыздан дауыс берді.