ҚР ОСК лингвистикалық комиссия емтиханына келмеген 4 үміткерді ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда бірқатар азаматты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылданды. Аталған қаулыны ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешев жария етті.
«Сіздердің назарларыңызға Якобжан Жүнісбековті Қазақстан Республикасының Пезиденттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы жобасын ұсынып отырмыз. Қаулы бойынша ҚР Президенттігіне кандидат Я.Жүнісбековтің лингвистикалық комиссияның отырысына келмеуіне байланысты оның мемлекеттік тілді еркін меңгеруі анықталмады. Сол себебті Я.Жүнісбековті ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартылсын», - деді Б.Мелдешев.
Сонымен қатар, ол лингвистикалық комиссия емтиханына келмеген Қайрат Әлембайұлы Маишевті, Айгүл Дүйсенқызы Өтепованы және Амантай Хантемірұлы Асылбекті президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы жобасын комиссия мүшелеріне жария етті.
ҚР ОСК мүшелері қаулы жобасын бірауыздан мақұлдады.