ҚР ОСК саяси партиялармен телепікірсайыс өткізу жайында келіссөздер жүргізіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялармен телеарналарда пікірсайыс өткізу жайында келіссөздер жүргізуде. Бұл жайында бүгін ҚР ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова мәлім етті.
Оның атап өтуінше, сайлау науқанына қатысатын барлық партиялар еліміздің Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырылуына мұрындық болатын бұқаралық ақпарат құралдарындағы саяси пікірталасқа қатыса алады.
«Дегенмен, мен бұл міндетті еместігін әрі бұл әрбір саяси партияның құқығы екендігін атап өткім келеді», - деді Т. Охлопкова.
ҚР ОСК мүшесі осы орайда комиссияның мұндай пішіндегі пікірді телеарналарда ұйымдастыру мүмкіншілігі қарастырылып жатқандығын атап өтті.
«Қазіргі уақытта саяси партиялармен бұл мәселені келісу шаралары жүргізіліп жатыр», - деді ол.