ҚР ОСК сайлау науқанына орай БАҚ материалдарына жүргізілген мониторигтің аралық қорытындысын жариялады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен сайлау науқанына орай бұқаралық ақпарат құралдары материалдарына жүргізілген мониторигтің аралық қорытындысын жариялады.
Сайлау туралы заңның 28-бабы 2-тармағын қамтамасыз ету мақсатында Орталық сайлау комиссиясы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетімен бірлесіп күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарының ағымдағы сайлау науқанына қатысты материалдарына мониторинг жүргізіп отыр. Мониторинг 48 республикалық газетті, 15 журналды, 16 республикалық телеарнаны, 12 радиоарнаны, 174 өңірлік газетті, 31 өңірлік телеарнаны, сондай-ақ 162 неғұрлым танымал қоғамдық-саяси интернет-ресурсты қамтиды», - деді Л.Сүлеймен.
Оның атап өтуінше, 20 қаңтардан бастап 19 ақпанға дейінгі кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында жалпы сайлау тақырыбы бойынша, сондай-ақ партиялар мен партиялық тізімдерден кандидаттардың сайлау тұрғысындағы қызметіне қатысты 13898 материал жарияланды. Олардың ішінде республикалық телеарналардың эфирінде 3 757 сюжет, республикалық мерзімді басылымдарда - 1 154 жарияланым, өңірлік БАҚ-тарда - 3 924 материал, интернет-ресурстарда - 5063 материал орналастырылған. Әлеуметтік медиаларда - 1441 мазмұнды жазылым жарияланған.
«Үгіт науқаны басталған 20 ақпаннан бастап 2 наурызға дейін БАҚ-та сайлау тақырыбы бойынша 4340 материал жарияланды. Олардың ішінде 3271 материал республикалық және 1069 - өңірлік БАҚ-та жарық көрді», - деді ҚР ОСК мүшесі.
Л.Сүлеймен алға тартқан мониторинг деректеріне сәйкес, үгіт науқаны басталғаннан БАҚ-та 772 ақпараттық материал «Нұр Отан» партиясының қызметі туралы, 526 материал ҚКХП-ның қызметі туралы, 559 материал «Ақ жол» ҚДП-ның қызметі туралы, 499 материал «Бірлік» СП-ның қызметі туралы, 485 материал ЖСДП-ның қызметі туралы, 513 материал «Ауыл» ХДПП-ның қызметі туралы жарияланды.