ҚР өзендерінде су тасқыны жағдайы жалғасуда - 11 сәуірге арналған ауа райы болжамы

Республиканың батысында атмосфералық фронталдық бөліктердің өтуімен өткінші жаңбырлар жауып, найзағай соғады, ұйытқыма жел тұрады, деп хабарлады ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарының кейбір жерлеріне тұман түседі, Жамбыл облысының кей аумақтарында желдің күші секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, күндіз Ақтөбе облыстарында кейбір жерлерде жел 15-21 м/с-ке дейін күшейіп, шаңды дауыл болуы ықтимал.
Маңғыстау облысында кей өңірлерде найзағай күркіреп, тұман түседі.
Батыс Қазақстан облысында жекелеген жерлерде 15-20 м/с-қа дейін жел тұрып, түнде найзағай күркірейді.
Алматы облысының Жалаңашкөл ауданында желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Алдағы тәулікте Жайық (Орал қаласының ауданында), Есіл, Тобыл, Ертіс өзендерінде мұз көбесі одан әрі сөгіліп, ери түседі.
Семиярское ауылы ауданындағы Ертіс өзенінде мұздың кептелуінен су деңгейлері көтерілуі мүмкін.
Жайық (БҚО бойынша) өзенінде, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстарының жекелеген өзендерінде тасқындардың күшеюі, су деңгейінің көтерілуі күтіледі.
Қалтуған ауылы ауданындағы Қалтуған өзенінде тасқындар мен су басулардың орын алу мүмкіндігі зор.
Қаратомар су қоймасынан судың құйылу көлемі ұлғаятындықтан Қостанай қаласы ауданындағы Тобыл өзенінде су деңгейі көтерілуі мүмкін.
ШҚО өзендерінде мұз еріп, сең жүруі, су деңгейлерінің көтерілуі мүмкін. Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында су көлемінің ауытқуы байқалады.