ҚР Парламент Сенатының депутаты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымымен және студенттерімен кездесті
АЛМАТЫ. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Төлеген Мұхамеджанов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы және студенттерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында депутаттың сөйлеген сөзінің негізгі бөлігі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың аталмыш оқу орнында тікелей тележеліде жүргізілген «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс» атты дәрісін талқылауға арналды.
«Мен осындай кездесулерді еліміздің барлық аймақтарында өткізіп тұрамын. Аптаның әр сейсенбі күндері жастармен кездесу ұйымдастырып, жастардың мәселелерінен хабардар болып отырамын. Көбіне оларды оқу бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасу мәселелері қызықтырады. Кеңес уақыты кезінде түлектерді арнайы жүйе бойынша әр жерге жұмысқа жіберетін, қазір ондай бағдарлама жоқ. Еңбек нарығы еркін, бірақ мемлекет өзіне қажетті мамандарды қызметке орналастыру жағын қарастыруы қажет. Бұл өзекті мәселе жаңа жылдан кейін «дөңгелек үстел» мәжілісінде көтерілетін болады», деді Т. Мұхамеджанов.
Кездесуде Төлеген Мұхамеджанов жетекші университеттің ғалымдары мен оқытушыларының және студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар, Т.Мұхамеджанов өзі туралы әңгімелеп, бірнеше шығармасынан роялда ойнап берді.