ҚР Парламенті ЕАЭО-ның Иранмен саудасы бойынша құжатты қарауда
«Аталған келісімді Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен және Иранмен бірлесіп әзірледі. Осы келісім Иранмен тұрақты жағдайлар және сауда қағидаларын жасауға бағытталған. Сонымен қатар сауда рәсімдерін жеңілдетуге арналған саудадағы санитарлық, фитосанитарлық шаралар мен техникалық кедергілерді, кедендік рәсімдерді, тауарлардың шыққан елін айқындап, тәртібін қолдануды реттейді. Комитет осы заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша 2019 жылдың 20 қарашасына дейін қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов палатаның жалпы отырысында.
Бұдан бөлек, Комитет «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Қытай Халық Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы аясында жұмысты бастады.
«Бұл келісімді Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен және Қытаймен бірлесіп әзірледі. Келісімде сауданы реттеу және ынтымақтастық салаларының кең ауқымы қамтылған. Оның ішінде ішкі нарықты қорғау шаралары, саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық әрі фитосанитарлық шаралар, кедендік ынтымақтастық, зияткерлік меншік, бәсекелестік ескерілген. Осы заң жобасын Комитет жұмысқа алуға және ол бойынша 2019 жылдың 20 қарашасына дейін қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Н. Сабильянов.