ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Людмила Хочиева мерейлі жасқа толды
Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Мәжіліс депутаты 1959 жылы қарашаның 28-інде Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Шарбақты ауылында туған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақ халқының мәдениеті мен өнерін, ұлттық салт-дәстүрін жүйелі дамыту туралы Парламент мінберінен пайымды пікір айтып жүрген депутаттың бірі - Людмила Хочиева. Ол Қырғыз мемлекеттік ұлттық университетін тәмамдап, экономист мамандығын алған. Еңбек жолын Алматы облысының Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында қарапайым жұмысшыдан бастаған.
Қарашай-балқар мәдени орталығының төрайымы ретінде еліміздегі аз ұлттар өкілдерінің салт-дәстүрі, мәдениеті мен өнері, тілі мен әдебиетінің дамуына үлес қосып жүр. Қазақ пен балқар халықтарының арасында достық байланыстың өрістей түсуі жолында және жастарды ұлттық тәрбиеге баулуда еңбек сіңіріп келеді.
Қазіргі уақытта Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі ретінде жемісті қызмет етуде.
Елімізге сіңірген еңбегі үшін бірнеше мерейтойлық медальдармен және «Құрмет» орденімен марапатталған.