ҚР Парламенті Сенаты Бюросының отырысы өтті
Палата Төрағасы Қ.Тоқаев бірқатар сенаторларға ТМД Парламентаралық Ассамблеясының наградаларын табыс етті. Атап айтқанда, ТМД ПАА Кеңесінің шешімімен Елеусін Сағындықов «Достастық» орденімен, Хусаин Валиев және Орынбай Рахманбердиев «Парламенттік ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» медалімен марапатталды.
Бюро мүшелері Палатаның 27 наурызда болатын отырысының күн тәртібін қарады. Отырыста 2011 жылғы 18 қазандағы Еркін сауда аймағы туралы шартты оның тараптары мен Өзбекстан Республикасы арасында қолдану туралы хаттаманы ратификациялау туралы, заңнамаға әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (бірінші оқылым), «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2014-2016 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңға өзгеріс енгізу туралы, «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын қарау жоспарланды.
Бюрода Мәжілісте мақұлданған заң жобаларына Сенаттың бас комитеттері белгіленді. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне заңнамаға әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы берілді. «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2014-2016 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңға өзгеріс енгізу туралы заң жобасы Қаржы және бюджет комитетіне берілді. Осы комитет «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына да бас комитет болып белгіленді. Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетіне 1928 жылғы 22 қарашадағы Халықаралық көрмелер туралы конвенцияны, оған 1948 жылғы 10 мамырдағы, 1966 жылғы 16 қарашадағы, 1972 жылғы 30 қарашадағы Хаттамаларды және оған 1982 жылғы 24 маусымдағы және 1988 жылғы 31 мамырдағы Түзетулерді ратификациялау туралы, сондай-ақ 2008 жылғы 12 желтоқсандағы Тарифтік квоталарды қолданудың шарттары мен тетігі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары берілді. Сондай-ақ 1999 жылғы 3 желтоқсанда, Пекинде қабылданған Озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасына түзетуді ратификациялау туралы заң жобасына Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті бас комитет болып белгіленді. Бұл комитетке Қазақстан мен Қытай арасындағы Қорғас өзенінде «Достық» бірлескен су торабын салудағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы да берілді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне берілді.