ҚР Парламенті Сенаты Еуразиялық экономикалық одақ шартын ратификациялау туралы заң жобасын 9 қазанда қарайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының отырысы өтті.
Бюро отырысы барысында 2014 жылғы 9 қазанда болатын Палатаның кезекті отырысының күн тәртібіне ұсыныстар енгізілді.
Отырыста «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы», «Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына жәрдемдесетін негіздер туралы конвенцияны (187-конвенция) ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде ветеринариялық-санитариялық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылау функцияларын кеден органдарына беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы (бірінші оқылымда) және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (екінші оқылымда) қарау көзделіп отыр. Бюрода сондай-ақ, «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2014 жылға арналған Негізгі шаралар жоспары туралы» 2013 жылғы 23 желтоқсандағы Сенат Бюросының Қаулысына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.