ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев оңтүстіктің тұрғындарымен кездесті

Еңбек демалысында елмен жүздескен халық қалаулысы Елбасы салған дара жолды дәріптеді.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңыздылығына тоқталды. Мақалаға қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, осыған байланысты Парламентте қабылданып жатқан заңдар, атқарылған жұмыстар жайында баяндап кетті. Жоғарғы палата депутаты, сондай-ақ елімізде орын алып жатқан оң өзгерістерді сөз етіп, шілденің 1-інен бастап қолға алынған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша да кеңінен ақпар берді.
Өз кезегінде тұрғындар талай уақыт түйіні тарқамаған түйткілді мәселелерін айтып, сенатордан көмек сұрады. Олардың қатарында сапалы ауыз су, жастарды жұмыспен қамту сияқты жылдар бойы шешімін таппай отырған проблемалар бар. Халықтың мұң-мұқтажын мұқият тыңдаған Әли Әбдікәрімұлы қолынан келгенше көмек көрсететінін айтып, тиісті мекемелерге тапсырмалар жүктеді.
Халықпен кездесуден соң халық қалаулысы Қапланбек ауылдық округіне барып, «Жабайы ата» шаруа қожалығын аралап көрді. Аумағы 22 гектарды құрайтын жылыжай жұмысына оң бағасын берді.