ҚР Премьер-Министрі 2014-2016 жылдарға арналған тілдерді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру бойынша Комиссияның отырысын өткізді.

ҚР Премьер-Министрі 2014-2016 жылдарға арналған тілдерді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды

Бұл туралы Primeminister.kz сайтынан хабарланды.

Отырысқа орталық атқарушы органдардың басшылары, Парламент депутаттары, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, лингвист-ғалымдар қатысты.

Отырысты аша келе, С.Ахметов Мемлекет басшысының мемлекеттік тіл саясатын дамытуға айрықша көңіл бөліп отырғанын атап көрсетті. «Бұл салада жақсы жетістіктер бар, мемлекеттік тілде оқытатын мектептер мен жоғарғы оқу орындарының саны артып келеді», - деген С.Ахметов, қазақ тілін оқыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру бойынша шаралар 2011-2020 жылдарға арналған тілдердің жұмыс істеуі мен оны дамыту Мемлекеттік бағдарламасында анықталғанын атап көрсетті.

Мемлекеттік бағдарламаның бірінші кезеңінің жүзеге асу барысы туралы ҚР мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед баяндады.

Министрдің хабарлауынша, бағдарлама-мемлекеттік тілді меңгеру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен танымалдығын арттыру, қазақстандықтардың тілдік мәдениеті деңгейін көтеру, лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар туғызу сияқты төрт бағыт бойынша жүзеге асырылуда.

Білім берудің әдістемелігін жетілдіру мен стандарттау бойынша жұмыстардың қортындысын шығара келе, М.Құл-Мұхаммед Қазтест жүйесін тиянақтау жұмысының аяқталғаны туралы хабарлады.

«Тілдер құзыретінің стандарттары бес деңгей бойынша тиянақталды. Лексикалық және грамматикалық минимумдар, оқытудың үлгілік бағдарламасы, тілді үйрену мен емтихандарға дайындалуға қажетті кешенді оқу-әдістемелік құралдар жарық көрді. Әдістеме мамандары мен тіл орталықтарының оқытушыларымен оқу семинарлары өткізілді. Осылайша, қазақ тілін оқыту процесіндегі әдістемелік біртұтастылыққа қол жеткізілді», - деді М.Құл-Мұхаммед.

Министр тілді оқытуға сұраныстың артып отырғанын, және тиісінше қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеруге құлшынысының өсіп отырғанын атап өтті.

«Тіл орталықтарында 2012 жылы 32500 адам оқытылса, оның ішінде әлеуметтік аз қорғалған 9 мыңнан астам тегін оқытылды. Бұдан басқа, биыл тіл орталықтарын аккредиттеу жүйесін құру бойынша жұмыс басталды. Құрылған жүйе орталықтардың жұмыс істеуіне қатысты олардың көрсетілген міндетті талаптарға сәйкестік деңгейін анықтайтын болады. Бұл жұмыс тұтынушының таңдауына мүмкіндік береді. Ол нормативтік, әдістемелік және басқа да талаптарға сәйкес келетін аккредиттелген мемлекеттік орталықтарға бара ма, әлде, қаржысын шығындап аккредиттелмеген орынға барады ма? Тұтыныушының таңдауына негізделеді», - деді Министрлік басшысы.

М.Құл-Мұхаммед сондай-ақ Қазақстанда лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатқанына тоқталды.

«Диаспоралардың ана тілдерін үйренуі бойынша, сондай-ақ этно-мәдени бірлестіктердің 190 жексенбілік мектептерінің тыңдаушылары үшін тұрақты түрде қазақ тілі курстары ұйымдастырылуда. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылық қолдау дәрістерді тегін жүргізуге мүмкіндік береді. Жексенбілік мектептер оқытушылары үшін біліктілік арттыру семинарлары ұйымдастырылуда. Бірқатар мәдени-көпшілік және конкурстық іс-шаралар, атап айтқанда, дәстүрлі славян жазулары күні, республикалық «Тіл-татулық тірегі» форумы, «Тілдарын» олимпиадасы, «Тіл шебері» байқаулары және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осылайша, 2011-2020 жылдарға арналған тілдердің жұмыс істеуі мен оны дамыту Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру белгіленген жоспарлар шеңберінде жүргізіліп жатыр», - деп сөзін түйіндеді министр.

Мемлекеттік комиссияның отырысында Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов негізінде барлық білім беру салаларында көптілдік саясат моделі жатқан «Тілдердің үш бірлігі» мәдени жобасының орындалысы туралы хабарлады.

Сондай-ақ халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Ө.Айтпайұлы сөйледі.

Отырыс қортындысын түйіндей келе, Премьер-Министр мүдделі мемлекеттік органдарға тілдердің жұмыс істеуі мен оларды дамыту мемлекеттік бағдарламасы (2014-2016) екінші кезеңінің іс-шаралары Жоспарын Үкіметтің бекітуіне дайындап, енгізуге нұсқау берді.

Мұнымен қатар, С.Ахметов Қазтест жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау бойынша мемлекеттік қызметкерлерді кезең-кезеңмен тестілеуден өткізу бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларына толықтырулар туралы ұсыныстар енгізуді тапсырды.