ҚР Премьер-Министрі астық жинау науқаны мәселелерін бақылауға алуды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметінің селекторлық отырысы барысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғановтың баяндамасын тыңдағаннан кейін Кәрім Мәсімов астық жинау науқаны мәселелерін бақылауға алуды тапсырды.

ҚР Премьер-Министрі астық жинау науқаны мәселелерін бақылауға алуды тапсырды

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қ. Айтуғанов Премьер-Министрге аймақтардағы астық жинау науқанының барысы жайлы баяндады, деп хабарлайды pm.kz.

9 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанның оңтүстік және батыс аймақтарындағы облыстарда (БҚО, ОҚО, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында) 703,2 мың га алқаптан 1 539,3 мың тонна астық тартылды. Астық дақылдарының орташа түсімділігі бір гектардан 21,9 центнерді құрады, бұл алдыңғы жылдардағы сәйкес көрсеткіштерден 4,7 ц/га артық.

Қ.Айтуғанов айтып өткендей, тамыз айының басына жалпы егіс ауданы 5,1 млн га болатын 2 567 АӨК субъектілерінен 58,9 млрд теңге сомаға 1 853 өтінім қаржыландырылды. Техника мен астық қабылдау пункттері жаппай астық жинауға және қабылдауға дайын.   

ҰЭМ статистикалық мәліметтеріне сәйкес 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада 3,5 млн тоннадан астам астық болды, оның ішінде азық-түлік астығы - 3 млн тонна.

«Барлығы астық жинау науқанын бақылауда ұстауы тиіс. Қажет болған жағдайда кеңес өткізіп, жұмыс топтарын жинап, баяндаңыздар, қазір пісіп жатқан әлеуеті зор астықты жинап, сақтап және тұтынушыға жеткізуіміз керек», - деп баса айтты Премьер-Министр.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының мәліметінше, 2016 жылы барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 21,7 млн га құрады, оның ішінде дәнді дақылдар - 15,2 млн га, атап айтқанда бидай - 12,2 млн га. Майлы дақылдар 1,9 млн га алқапқа, жемшөп - 4 млн га, мақта - 109,3 мың га, қант қызылшасы - 12,1 мың га, картоп және көкөніс-бақша дақылдары - сәйкесінше 183,7 және 230 мың га отырғызылды.

Сонымен қатар, 2015 жылмен салыстырғанда бидайға арналған алқаптар 441,4 мың га-ға, дәнді-бұршақты дақылдар - 26,3 мың га-ға, мақта - 10,1 мың га-ға, қант қызылшасы - 2,7 мың га-ға ұлғайтылды.