ҚР Премьер-Министрі биліктің орталық және аймақтық басшыларына бірқатар тапсырмалар берді

«Бірінші тапсырма Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне - «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша қаржы бөлу. Өңірлік даму министрлігіне - бюджет қаражатының уақтылы игерілуін бақылауға мониторинг жүргізу; облыстар, Астана мен Алматы әкімдеріне - биылғы жылға жоспарланған тұрғын үй көлемін пайдалануға беруді қамтамасыз ету», - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, бағдарлама шеңберінде 6,8 млн. шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр. Бұл - орындалатын жоспар. «Сонымен қатар, бізге 2014 жылғы жоспарымызды да бір қарап шығу керек. Жыл соңында келесі жылғы тұрғын үй бойынша жоспарымызбен салыстыратын боламыз», - деді С. Ахметов.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы әкімдерге аталған бағдарламаның негізгі бөліктерінің бірі ретінде жеке тұрғын үй құрылысын қадағалауды тапсырды.
«Жеке тұрғын үй құрылысының көптеген нысандары салынып, алайда пайдалануға берілмей бос тұрады. Өйткені иелеріне сол тиімдірек. Менің ойымша, тұрғын үй комиссиялары мен инспекцияларына әсіресе жеке секторға тексеріс жүргізіп, сондай нысандарды пайдалануға енгізу қажет. Неге десеңіз, ғимаратты тұрғызу бір басқа, ал соны салған жеке тұлғалар оларды жылдап пайдалануға бермейді, соның нәтижесінде бірқатар коммуналдық қызметтердің ақысын, мүлік салығын төлемейді», - деді ҚР Премьер-Министрі.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы Өңірлік даму министрлігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне бірлесіп үш жылдық «Үй салу комбинаттарын жүктеу бағдарламасын» жасап шығаруды тапсырды.