ҚР Премьер-Министрі дағдарыстан зардап шеккен бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру жөніндегі Кеңестің алғашқы отырысын өткізді
ТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Еліміздің Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бүгін Сауықтыру жөніндегі кеңестің бірінші отырысын өткізді, деп хабарланды ҚР Үкімет басшысының http://pm.kz сайтында.
Отырыста Дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасының екінші кезеңіне (бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру) қатысуға кәсіпорындарға рұқсат беру мәселесі қаралды.
«Дағдарыстан зардап шеккен бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру жөніндегі Кеңестің алғашқы отырысын өткіздім», - деп жазды бүгін Кәрім Мәсімов Twitter-ге.
Қазіргі таңда жүйеқұрушы 7 кәсіпорын Бағдарлама талаптарына сәйкестігі туралы салалық органдардың оң сараптамалық қорытындысын алды және қатысуға өтініштерін берді. Кеңеске қатысушылар Бағдарламаның екінші кезеңіне жіберілген азық - түлік, қайта өңдеу және тоқыма өнеркәсібіне кіретін жеті кәсіпорыннан тұратын тізімді талқылап, бекітті.
Сонымен бірге, Кеңес мүшелері Дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасына енгізу жоспарланып отырған бірқатар өзгертулер мен толықтыруларды талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, Сауықтыру жөніндегі кеңес Дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасының (бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды сауықтыру) мақсат-міндеттеріне қол жеткізуге жауапты консультативтік-кеңес органы болып табылады.
Бағдарламаға қатысу үшін екі кезеңнен өту керек. Бірінші кезеңде кәсіпорын өзінің жүйеқұрушы кәсіпорын екенін растайтын құжаттарды жинауы және Бағдарлама талаптарына сәйкес болуы керек. Екінші кезеңде консультанттар кәсіпорынды сауықтыру жөніндегі жоспарды әзірлеуі және ол құжатты Кредиторлар комитеті бекітуі, одан кейін құжат Сауықтыру жөніндегі кеңестің отырысында қаралуы керек.
2016 жылға дейін жүйеқұрушы 30-50 кәсіпорын сауықтыру амалдарынан өтеді, кәсіпорындардағы жұмыс орындарының ең аз дегенде 70 пайызы сақталынады деп жоспарлануда.