ҚР Премьер-Министрі Экономикалық даму және сауда жаңа министрін таныстырды
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Серік Сәбеков/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қайта құрылған Экономикалық даму және сауда министрлігінің ұжымына ведомствоның жаңа басшысы Жанар Айтжанованы таныстырды.
Кәрім Мәсімов бұдан бұрын Ж.Айтжанованың индустрия және сауда вице-министрі қызметінде сауда саласын басқарғанын айтып өтті. Ол сондай-ақ бұрынғы экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановқа бірлесе атқарған қызметі үшін алғысын білдірді.
«Мен Бақыт Тұрлыханұлына осы жылдардағы бірлескен жұмыс үшін алғыс айтқым келеді. Біз сізбен бірге қанша бюджетті қарадық, сізбен бірге жұмыс жасау өте қызықты болды. Жақын арада тиісті тағайындау болады деп ойлаймын. Біз сізбен бұрынғыша қоян-қолтық жұмыс жасайтын боламыз», - деді ол. Сонымен қатар Премьер бюджеттік жоспарлау қызметінің бір бөлігі қаржы министрлігіне берілетінін, сауда қызметі - Экономикалық даму және сауда министрлігіне қарайтынын айтты.
Өз кезегінде Экономикалық даму және сауда жаңа министрі Жанар Айтжанова өзіне үлкен сенім көрсетіліп отырғанын, сонымен бірге жауапкершілік те үлкен болатынын, осы жоғары сенімді ақтауға бар күш-жігерін жұмсайтынын білдірді. Жаңадан құрылған мінистрліктің алдына стратегиялық жоспарлау және аймақаралық даму жөнінде үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Сондай-ақ Кеден одағы бойынша сыртқы экономикалық ықпалдастық және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын жасау жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстың үшінші блогы - ішкі сауда жүйесін реттеу болмақ.