ҚР Премьер-Министрі ИДБ және Oppenheimer қорының басшылығымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылуы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Oppenheimer қорының басқарушы директоры Джон Тонеллимен және Ислам даму банкінің президенті доктор Бандар Мохаммед Хамза Хаджармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сілтеме жасап.

ҚР Премьер-Министрі ИДБ және Oppenheimer қорының басшылығымен кездесті

Кездесулер барысында Қазақстандағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру тұрғысынан одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланды, сондай-ақ халықаралық бизнес үшін кеңейтіліп жатқан мүмкіндіктер қаралды.

Ислам даму банкінің президенті доктор Бандар Мохаммед Хамза Хаджармен кездесуде экономиканың басым секторларында, оның ішінде ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ ғылым мен технологияларды дамыту салаларында өзара іс-қимылды нығайту келешегі қаралды.

1995 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына қосылғаннан кейін Қазақстан Ислам даму банкінің мүшесі болды. 2012-2015 жылдары Қазақстан аумағында ИДБ өзінің ТМД аумағындағы алғашқы Елдік стратегиясын жүзеге асырды, бұл ел экономикасына, атап айтқанда, сауданы қаржыландыру, жекеменшік секторды дамыту және сақтандыру салаларына шамамен $650 млн тартуға жол ашты. Бүгінгі таңда банк жалпы сомасы $1,874 млрд құрайтын 67 жобаны мақұлдады. ИДБ қолдаудың негізгі бағыттары: көлік инфрақұрылымын дамыту (жалпы операциялар сомасының 55,8%), ауыл шаруашылығын дамыту (23,3%), шағын және орта бизнесті және қаржы секторын дамыту (19%), білім беру (1%), денсаулық сақтау (0,8%), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, санитарлық бақылау және қала қызметтері.

Кездесуге қатысушылар Қазақстанның ИДБ-мен ынтымақтастығының кеңеюіне Астанада АХҚО базасында Халықаралық ислам сауда-қаржы корпорациясы (ITFC) өкілдігінің ашылуы ықпал ететінін атап өтті.

Доктор Бандар Мохаммед Хамза Хаджар ҚР-ның ITFC-ке қосылуы ұлттық экспортты және өзара сауданы жетілдіруге ықпал ететінін, сондай-ақ Қазақстанға ИЫҰ-ға мүше елдер ретіндегі жаңа құралдар мен тұрақты қаржы көздерін, нарықтарды қамтамасыз ететінін мәлімдеді. Бұдан өзге, бұл Қазақстанға ИЫҰ елдерімен өзара сауда-саттықта құнды тәжірибе алуға, сонымен қатар ITFC технологиялары мен жинақталған тәжірибені дайын өнім экспортын дамытуға бағыттауға жол ашады.

Oppenheimer қорының директоры Д. Тонеллидің Бақытжан Сағынтаевпен кездесуі барысында компанияның «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ жекешелендіру бағдарламасына қатысуы, инфрақұрылымдық қор құру, сондай-ақ қазақстандық компанияларды шетелдік капитал нарықтарына шығару мәселелері қаралды.

Oppenheimer - инвесторларға, жеке тұлғаларға, кәсіпорындарға және мекемелерге қаржы қызметтері мен кеңестер беретін жетекші инвестициялық банктердің бірі және көпбейінді инвестициялық компания.

Еске сала кетсек, ҚР Президентінің 2018 жылдың қаңтар айында АҚШ-қа ресми сапары аясында Oppenheimer қоры мен «Kazakh Invest» ҰК арасында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру және ұзақ мерзімді несиелендіру үшін инфрақұрылымдық қор құру туралы меморандумға қол қойылды.