ҚР Премьер- Министрі К. Мәсімов Беларус Республикасына жұмыс сапарымен барады
АСТАНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Мамырдың 19-20 күндері ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Беларус Республикасына жұмыс сапары өтеді. Сапар барысында екі мемлекет үкіметтерінің басшылары шағын құрамда келіссөздер жүргізеді. Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, сондай-ақ К. Мәсімов Минскіде өтетін қазақ-беларус іскерлік форумына қатысады. Форум аясында Қазақстанның индустрияландыру картасына енгізілген беларус тарапы ұсынған экономикалық жобалар талқыланатын болады. Бұл жобалар сауда-экономикалық, отын-энергетикалық, машина жасау, агроөнеркәсіп, ғарыш және гуманитарлық салалардағы екі жақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарын айқындайды.
«Іскерлік форумына Қазақстанның іскерлер тобының 130-дан астам өкілдері қатысады деп күтілуде», деді ресми өкіл.